22 мамырда «Таза Қазақстан» экологиялық қозғалысы аясында Алтай ботаникалық бағының қызметкерлеріне 800 дана сібір шыршасының екпе көшеттері табысталды. 2025 жылғы 31 қаңтарда Риддер қаласының төрт мектебіне, атап айтқанда № 10, 12 орта мектептерінде, № 1 мектеп-лицейінде, «Шаңырақ» көпсалалы мектеп-гимназиясында оқушылар арнайы дайындалған контейнерлерге сібір шыршасының тұқымдарын салған болатын. Осы уақытқа дейін оқушылар мен мұғалімдер егістерді күтіп, суарып, өскіндерді ылғалдандырып, көлеңкелеп, күтім жасап отырды. Төрт ай бойы көшеттер қамқорлықта болды. Жазғы кезең жақындағанда осы жұмыстың жалғасы туралы мәселе туындады. Алдағы уақытта мұғалімдердің және оқушылардың жазғы демалысы басталады. Сондықтан Батыс -Алтай мемлекеттік табиғи қорығының қызметкерлері Алтай ботаникалық бағының тәлімбағына екпе көшеттерді өсіруге беруді ұйымдастырды. Көшеттерде жақсы тамыр жүйесі қалыптасып, олар тамыр тартып кетуі үшін кем дегенде 3 жыл қажет. Барлық көшеттер үлкен контейнерлерге отырғызылып, өсіріп жеткізу үшін тәлімбаққа орналастырылады. Көшеттер қажетті көлемге жетіп, отырғызуға дайын болған соң, оларды 2021 жылы Риддер орман шаруашылығы аумағында болған өрттен зардап шеккен аумаққа отырғызады.